Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен орман шаруашылығы және құрқару саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мәріп Акбар, аудан ардагерлері мен құқық қорғау, орман шаруашылығы және құтқару саласы басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Аудан әкімі сала мамандарын кәсіби мерекелермен құттықтады.
– Биылғы мереке орман шаруашылығы саласының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау, экожүйені жақсарту, орман-тоғайды көбейту – қоғамды жұмылдыратын жақсы іс. Аймақ басшысының қолдауымен өңірдің орман алқаптарын ұлғайту, саладағы ғылыми жұмыстарды жандандыру және жаңа технологияларды енгізумен бірге орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жаңа серпін берілуде. Облыста орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін соңғы 3 жылда 1,8 млрд. теңгеге арнайы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар алынды. Аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің қызметкерлері өлшеусіз үлес қосуда. Аудан көлемінде орманды өрттен қорғау, қалпына келтіру, экологиялық ағарту және «Таза Қазақстан» экологиялық шараларына сала қызметкерлері белсене қатысуда. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың дана сөзін естен шығармай, орманды сақтау, қорғау және көбейтуде ауданымыздың әрбір тұрғыны Өздеріңізбен бірге үлес қоса береді деп сенемін.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1995 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті – елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде құрылды. 30 жылға жуық уақыт ішінде құтқару қызметінің рөлі бірнеше есе артып, азаматтар мен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқашан мемлекеттік маңызы бар іс болып саналады. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін еліміздің әрбір азаматын құтқару, олардың өмірін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу – ең басты міндеттеріне жатады. Осындай жауапкершілігі мол, қиын және қауіпті салада жүрген ауданның төтенше жағдай қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Қандай қиыншылыққа тап келсе де олар барлығына батылдық танытуда. Аудандағы төтенше жағдайға тосқауыл қойып, тұрғындар өмірін құтқаруда ерен еңбек жүрген әр қызметкердің жұмысы – ерлікпен пара-пар, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада орманшылар мен құтқарушылар медальдармен, облыс әкімінің, аудан әкімінің, тиісті департамент және басқарма «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ, орман саласы қызметкерлеріне қызметтік мотоциклдердің кілттері табыс етілді.

Аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ