Аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовтың төрағалымен 19 қазан – Құтқарушы күніне орай мерекелік қабылдау өтті. Жиынға төтенше жағдай саласы ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

«Бүгінгі күні азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мәселесі мемлекеттің басты назарында.

1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.

Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен, олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Осындай өз өмірлерін қатерге тігіп, тәуекелге барып жедел әрекет ете алатын бейбіт күннің батырлары, Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» деді аудан әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы.

Мерекелік қабылдау барысында Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Қожақұлы, сала ардагері Көздібаев Төребек, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Еркін Назарқұлов сөз алып, өз өмірлерін қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрген жандарға алғыстарын білдірді.

Жиын барысында сала ардагерлері мен қызметкерлері Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының, аудан әкімінің алғысымен марапатталды.

БӨЛІСУ