Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен және орман шаруашылығының 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Ауданымызда 2022 жылдан бері 30 128 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, 28 000 гектар жерге сексеуіл көшеті егілді. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы үш жылда бюджеттен 296 миллион теңге бөлініп, жаңадан 38 техника алынып, материалдық-техникалық база күшейтілді. Сонымен қатар, 2023 жылдың шілде айынан бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға артты. Соңғы бес жылда орман қоры аумағында өрт оқиғалары тіркелген жоқ, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, салада үздік еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шараға арнайы қатысқан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар мен Жаңақорған шипажайына жолдамалар табыстады.
Сондай-ақ, жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов құттықтау лебізін білдірді.