Баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов 9 ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде барлығы 32 625 кәсіпкерлік субъекті жұмыс жасауда. Бұл кәсіпкерлік субъектілерде 65 247 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында да кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда, ауыл тұрғындaрының әл-aуқaтын жaқсaрту мақсатында іске қосылған«Ауыл аманаты» жобасы аясында 16 жоба қаржыландырылды.«Іскер» бағдарламасы шеңберінде 117,3 млн.теңгені құрайтын 22 жоба қаржылай қолдау тапса, «Қызылорда облысының ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасында 289,5 млн.теңгеге 15 кәсіпкерлік субъектілерінің жобасы мақұлданып, 190,5 млн.теңгені құрайтын 9 жоба қаржыландырылды.

Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерін Даму қорымен субсидиялау шаралары да жалғасуда. Жыл басынан бері жалпы құны 13,7 млрд. теңгені құрайтын 393 жоба қолдау тапты.

– Айтып өту керек, биыл өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуде. Биыл осы бағытта 72 млрд. 667 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, жалпы құны 7 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 43 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл салада алдағы уақытта құны 11 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыру көзделуде. Оның бірі, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобасы болса, бірі жоғары технологиялы айна шығару жобасы, – деп қорытындылады бөлім басшысы.

БӨЛІСУ