Елімізде қазан айының үшінші жексенбісі орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі.

Бүгін осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында сала мамандары мен ардагерлерінің қатысуымен мерекелік шара өтті. Шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Акбар Мәріп Шәріпұлы арнайы келіп қатысты.

Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков құттықтау сөз сөйлеп ашып, ізгі лебізін жеткізді.

– Орман – еліміздің баға жетпес байлығы, халықтың дәулеті, теңдесі жоқ экономикалық және экологиялық қорымыз. Қазақстанның шөлді аймағында орналасқан біздің аудан үшін орман шаруашылығының өз орны бар.
Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы нығайтуда сіздер білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және орман шаруашылығы салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздегі экология мәселесі басты назарда болу қажеттігін атап өтті. Президенттің тапсырмасына орай экологиялық ахуалды жақсартуға бағыттылған жұмыстарды жоғары деңгейде атқару үшін қазалылық орманшыларға қолдау көрсетіліп келеді, – деді Күнтілес Айдарбекұлы.

Мұнан соң саланың өсіп өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға облыс және аудан әкімінің, облыс әкімі орынбасарының және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының «Алғыс хаттары» табысталды. Сонымен қатар бірқатар орманшылар Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының II-ші және ІІІ дәрежелі «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» төс белгілерімен және «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін облыстық табиғи ресурстар басқарма басшысының орынбасары Мәріп Акбар жануарлар дүниесін қорғап-сақтауға, молайтуға өз үлесін қосып жүрген Қазалы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Салтанатты шарада ардагер орманшы Нұрлан Мұстафаев орманшылардың атынан алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

БӨЛІСУ