Бүгін Арал ауданындағы тағзым алаңында Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан марқұмдарды еске алу митингісі өтті.
Өкінішке орай, жат жерде жау қолынан қаза тапқандардың арасында екі жерлесіміз Аманқос Мұстафаев пен Бекболат Сүлейменов есімді жаужүрек батырларымыз да бар еді.
Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев азаматтық борышын өтеу жолында қапыда қаза болған жауынгерлердің жарқын бейнесі ұрпақ жадында жаңғырып, ерліктің үлгісі болып қала беретінін атап өтті.
Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Бисембаев сұм соғыстың бейнесі әлі көз алдында екендігі жөнінде және өзімен майдандас болған марқұмдарды есіне алып, өз тебіренісін білдірді.
Тағылымды шара ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданда опат болған сарбаздардың рухына Құран бағыштаумен қорытындыланды.