Сенаторлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселесін талқылады.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеу тетігінен бас тарту мәселелері бойынша Сауда және интеграция министрлігінің басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді.

 Бұл шараның негізгі мақсаты – Ақмола облысындағы Ақкөл қаласында бағаны реттеудің жаңа тетігін енгізу жөніндегі алғашқы жобамен танысу болды.

«Парламентте биылғы жылғы көктемде бизнесті жүргізу мәселесі туралы қабылданған заң аясында Кәсіпкерлік кодекске әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаларды реттеудің қолданыстағы тәсілдерін өзгертуді, оның ішінде оларға шекті және ақырғы баға белгілеуді жоюды көздейтін түзетулер енгізілді. Оның орнына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін реттеу және бақылау енгізіледі», – деп атап өтті комитет мүшесі Ләззат Рысбекова.

Сенаторлар сапар барысында жобаны іске асырудың аралық қорытындысымен, автоматтандырылған ақпараттық жүйенің жұмысымен танысты. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдердің бағасын реттеу тетігі, шекті сауда үстемесін қолдану тәртібін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Шараға сауда және интеграция, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері қатысты

БӨЛІСУ