Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту жөнінде тақырыптық отырыс өтті. Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік еткен жиынға депутаттармен қатар білім саласы мамандары, сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Білім беру мазмұнына өзгерістер енгізу қажеттілігі Мемлекет басшысының еліміздің білім беру жүйесіне қатысты басым міндеттерін орындауға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев әр 5-7 жыл сайын оқу бағдарламаларын қайта қарау керектігін, бұл білім беру жүйесінің қоғамның уақыты мен қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беруіне ықпал ететінін атап өтті.
– Жаңа мемлекеттік стандарттарды енгізу білім беру саясатындағы жаһандық трендтерді көрсететін сыни ойлау, аналитикалық дағдылар және проблемаларды шешуге инновациялық көзқарас секілді құзыреттерді дамытуға бағытталған. Оқу бағдарламаларын қайта қарауда қазақстандық және халықаралық үрдістер ескеріледі. Бұл оқушылардың академиялық білімін ғана емес, функционалдық сауаттылығын, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жоғары деңгейде меңгеруін қалыптастыруға арналған, – деді Қ.Жұмашев.
Сондай-ақ ол білім беру стандарттары шеңберінде оқу процесіне цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінгенін, әр оқушы бастауыш білім беру кезеңінде меңгеруі керек білімге, білікке және дағдыларға қойылатын талаптар егжей-тегжейлі қамтылғанын айтты.
– Бұған тіл және әдебиет, математика, информатика, жаратылыстану, технология және өнер, дене шынықтыру сияқты негізгі оқу пәндері бойынша пәндік құзыреттіліктерді дамыту кіреді. Бұл тәсіл оқушылардың академиялық және өмірлік дағдыларын жүйелі қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Қ.Жұмашев.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Оқу ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен бірлесіп оқу бағдарламаларының жаңа стандартын жасауға кіріскенімен әлі нәтиже байқалмай отырғанына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі 2015 жылы жаңа стандарт енгізіліп, 2016 жылы мектептеріміз сол бойынша оқи бастады. Менің ойымша, білім сапасының күрт төмендеп кетуі құндылықтарымыздың білім саласында біртұтас ұйыспауынан болып отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасындағы айырмашылық тереңдеп бара жатыр. Бізде бес жүзден астам инновациялық мектеп бар, бұл – зияткерлік мектептер, білім инновация лицейлері, BINOM мектептері. Онда балалар өте жақсы білім алып жатыр, бірақ көпшілігі оқуға шетелге кетеді. Қазақстанға келіп, еңбек нарығына жұмыс істейтін – ауыл мектебінің балалары. Ал жәй мектептер мен осы инновациялық мектептердің білім бағдарламаларын салыстыратын болсақ, өте үлкен тақырыптық алшақтық бар, – деді Ж.Сүлейменова.
Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар тақырыпты талқылауға көшті. Жаңа білім беру стандартын жетілдіруге қатысты сұрақтарын қойды. Мысалы, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, бастауыш мектеп оқушыларына орыс тілі пәнінің бағдарламасын жеңілдету, қазақ тілі грамматикасын біріздендіру, кітаптардың көлемін бір стандартқа келтіру, тапсырмаларды балалардың жасына лайықтап беру, оқушылардың логикалық, цифрлық дағдыларын дамыту және басқа да мәселелер көтерілді.
– 2016 жылы қабылданған бағдарламаның үлкен кемшіліктері де, артықшылықтары да бар. Қазіргі басты мақсатымыз – сол кемшіліктерді жою, артықшылықтарды алып қалу. Бізге ғылымға негізделген мемлекеттік стандарт керек. Соған қол жеткіземіз деп ойлаймын. Мектептерді, тіпті, білім басқармаларын тікелей министрлікке алу мәселесін де бірге қарастырғанымыз жөн шығар. Өйткені стандарттар қабылданған соң ол қалай іске асырылады деген сұрақ тағы бар. Ертеңгі күні мектептер, балабақшалар министрлікке бағынбаса, оны бақылау, жұмысты жүргізу, ұйымдастыру өте қиын болады. Бағдарламаны енгізу барысында осы мәселені шешіп алу қажет, – деп қорытындылады А.Аймағамбетов.