Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Қызылорда қаласында ұйымдастырылған «Алтын күз-2024» дәстүрлі мерекесі аясындағы жәрмеңкені аралады. Қала күніне орайластырылған ауқымды іс-шарада Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан келген ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері белгіленген орындарда өз өнімдерін саудаға шығарды. Тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген Сыр диқандарының 1000 тоннадан астам өнімдері ұсынылды.

Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 25 тонна ет және 40 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 70 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 150 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша өнімдері, 10 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық кондитер өнімдері, 200 бас тоқты және 40 тонна жем-шөп жеткізілді.

Биыл Сыр диқандары 189 400 гектар жерге егін екті, 85 600 гектар күріштен 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық Сыр маржанын жинады.

Бүгінгі күні күріштен басқа да дәнді дақылдардан 18,5 мың тонна, майлы дақылдардан 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдардан 327 мың тонна өнім қамбаға құйылды.

Бүгінгі жәрмеңкеде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, балаларға арналған ойындар ұйымдастырылып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ