Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс сапасына партиялық бақылау жүргізді.

Бақылау жұмыстарына арнайы облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрлан Имандосов, аудандық партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш пен Атқарушы хатшы Нұрғиса Жалғасбаев және партияның аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабеков, комиссия мүшесі Күншығар Әбілов, сондай-ақ облыс бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің, облыстық бақылау жөніндегі басқарманың, облыс әкімі аппаратының ішкі аудит бөлімінің, облыс бойынша тексеру комиссиясының, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасының өкілдерінен құралған жұмысшы топ мүшелері қатысты.

Бақылау жұмыстары Қазалы аудандық емханасында басталып, партиялықтар денсаулық сақтау нысанының бүгінгі жағдайын көрді. Филиал төрағасы Алмасбек Есмаханов 2022 жылы мердігер “SCS Инжиниринг” ЖШС тарапынан халық игілігіне табысталған нысанның бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты. Өйткені, төбе шатырынан су кетуіне байланысты қарсысының (потолок) сылағы түсіп, плиталары жарылған. Бірқатар қабаттардағы еденге және қабырғаға төселген сырлы кірпіштер (кафель) сапасыз жұмыс нәтижесінен көтеріліп, сынған. Нысанның желдеткіші пайдалануға берілгеннен бастап жұмыс жасамай тұрғаны, нысанның іргетасының сылағы үгітілгендігі анықталды.

«Нысан пайдалануға берілген уақыттан бері екі жылдан аса ғана уақыт болды. Ал бүгінгі жағдайы көпті алаңдатып отыр. Себебі, мердігер мекеме жұмысын сапасыз жүргізіп, техникалық қадағалаушы тарапынан тұрақты бақылау болмаған. Ал оның салдарын жергілікті халық пен осында жұмыс жасайтын қызметкерлер көріп отыр. Халық игілігі үшін жасалған жұмыстардың нәтижесі бұлай болмауы қажет. Қаржы тиімді игеріліп, сапалы жұмыс жүруі керек. Жұмысшы топпен бірлесе әр анықталған кемшілік бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады”, – деді Алмасбек Есмаханов.

Бақылау жұмыстары барысында аудандық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынды.

БӨЛІСУ