Бүгін Қазалыда ұлағатты ұстаздар қауымының кәсіби мерекесіне орай «Ұстаз лайық құрметке» атты мерекелік салтанатты шара өтті.

Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қатысып, барша ұстаздарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

— Ардақты білім саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше.
Егемен елімізді өркениетке бастар жолда бәсекеге қабілетті білікті маманды, мықты тұлғаны, елжанды азаматты қалыптастыратын ұстаз. Дана ой иелері де, қоғам қайраткерлері де ұстаздың алдында бас иеді. Мерейлі мерекелеріңізде Сіздерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.

Бұдан кейін білім саласында толағай табысқа жетіп, шәкірттерді шыңға шығарып жүрген бірқатар ұстаздар марапат төрінен көрінді. Олар ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хатымен» марапатталды. Мұнан соң мерекеге орай сахна төріне аудан әкімінің ықылас гүлі шығарылып, барша ұстаздарға құрмет көрсетілді.

Ұлағатты ұстаздардың мерейін үстем еткен көңілді кеште өнерді жанына серік еткен аяулы ұстаздар мен өнерлі оқушылар ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Мерекелік шара Е.Бозғұлов атындағы мектеп лицей оқушыларынан құралған қордың орындауындағы «Ұстазым» әнімен қорытындыланды.

БӨЛІСУ