Бүгін еліміз үшін айрықша мереке, қастерлі мейрам. Өйткені балаларымыздың, жарқын болашағымыздың, бір сөзбен айтқанда, тұтас Қазақстанның тағдырына жауапты жандардың еңбегі еленетін күн.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі барлық ұстаздар қауымына: Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі, Сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық» – деген болатын.
Осындай жауапкершілік жүгін көтерген ұстаздар қашаннан ұлт пен ұрпақ үшін қастерлі жандар. Биыл жылдағы дәстүр үзілмей, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған қызылордалық мұғалімдерді ұлықтау шарасы жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиынға қала әкімі Нұржан Ахатов және облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов арнайы қатысты.
Қызылордалық ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаған қала әкімі Нұржан Сәбитұлы елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етіп, саладағы жақсы жаңалықтар мен толымды тірліктерге тоқталды.
Мәселен, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» идеясы білім саласындағы бірегей ұлттық жобаға айналып, облыс орталығынан заманауи үлгідегі 8 мектеп салынып жатыр. Оның 1-еуі шаһардың Сол жағалауында жуырда ғана ел игілігіне табысталды.
Сондай-ақ, «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен Сол жағалаудан 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. «Білімді қолдау қоры» есебінен физика – математика бағытындағы мектеп – интернатының құрылысы жүргізілуде.
Жастарымыздың спортпен шұғылдануына, өнермен, ғылыммен айналысуына мүмкіндік беретін «Инновациялық шығармашылық орталығы», халықаралық стандарттарға сай келетін 10 мың орындық «Орталық стадион», жабық бассейні бар дене шынықтыру кешені, 650 орындық жаңа үлгідегі музыкалық колледждің де құрылысы қарқынды атқарылуда.
Ерекше атап өткеніміз жөн, облыс әкімінің қолдауымен бірқатар білім мекемелерінің жанынан қосымша ғимараттар салынып, үш ауысымдық мектептер мәселесі өз шешімін тапты.
Биылдың өзінде қаладағы білім саласына бағытталған қаржы көлемі 72 млрд. теңгеден асты.
«Осы аталған ауқымды жобалар, игілікті істердің барлығы қаладағы жеті жарым мыңнан астам педагогтың кедергісіз қызмет етуі мен шәкірттердің сапалы білім алу үшін жасалынып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады,» – деген қала әкімі Нұржан Ахатов барша ұстаздар қауымына толағай табыс тіледі.
Сондай-ақ, ардагер-ұстаздарға Оқу ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Құрмет» грамотасын, облыс әкімінің «Алғыс» хатын және үздік 10 педагогке 150 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Ақ тілек-құттықтаулар ыстық ықыластың барлығы да бұл күні ұстаздар қауымының құрметіне арналды. Оқушылар ән жырдан, биден шашу шашып, мереке сәнін аша түсті.
Қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздыкі» деген ұлағатты сөзі ешқашан құнын жоймақ емес.