1-қазан — елімізде Қарттар күні аталып өтіледі. Осыған орай бүгін білім саласының абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарына құрмет көрсетілді. Қарттардың құрметіне мерекелік дастархан жайылып, әсем әндер шырқалды.

— Қариясын сыйлаған елде қасиет бар. Қартын қазынаға теңейтін асыл жұртымыз мұны егемендік алған 1990-шы жылы ресми мереке ретінді бекітті. Бүгін көненің ізімен, бүгінгі тама кеулімен сіздерге құрмет көрсетпекке жиналып отырмыз.

«Ауылыңда қарт болса, жазулы тұрған хатпен тең» – деген тәмсіл ұстаз-ардагерлерге қарата айтылғандай. Сіздер бұған дейін білім саласының жалауын биіктетуге аянбай қажыр-қайрат жұмсаған болсаңыздар, бүгінгі күні елдің баласына білім беріп отырған мұғалімдерге тірі тарих, ұстаздықтың биік үлгісі болып отырсыздар. Сол үшін де сіздерге басымды иемін. Мереке құтты болсын! Баршаңызға ұзақ ғұмыр тілеймін. Ал жүздеріңізге қуаныш ұялату үшін біз қолдан келген істен аянып қалмаймыз, — деді ауданның бас ұстазы Әділхан Жөлекешов.

Бұдан кейін жиналғандар мерекелік марапатқа ие болған қарияларға бет бұрды. Осы салада ұзақ жылдар табан аудармай еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған Боташев Майлыбай мен Әби Бегалиевтің арқасына шапан, Төлеген Шалқар апайдың арқасына ақ жаулық жапты. Білім бөлімі, білім салсы қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен ардагерлер кеңесінің бірлескен құттықтауынан кейін ардагер-ұстаз Серік Қуанышбаев замандастарына ізгі тілек, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жиын соңында қариялар өздеріне құрмет көрсетіп, мереке қарсаңында қызмет қылған азаматтарға риясыз ризашылық білдірді.

БӨЛІСУ