Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Алданберген Құлбаевты қабылдап, мерейлі 75 жас мерейтойымен құттықтады.

– Алданберген Бодыбайұлы еңбек жолын Шаған ауылындағы «Тереңөзек күріш» совхозында звено жетекшісі, бөлімше агрономы болып бастап, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Өмір жолында тәжірибелі агроном аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық орман шаруашылығының бас директоры қызметтерін абыроймен атқарды. XVIII партсезд, XXI партсъезд, Шіркейлі, Іңкәрдария, Қалжан ахун совхоздарының, «Шапағат-Лимитед» серіктестігінің директоры болып, шаруашылықтар жұмысын жүйелі жүргізді. 2008 жылдан бастап «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы қызметін атқарып, ел несібесін артыруға елеулі үлес қосып келеді. Қызметтік жолында Алданберген Құлбаевтың тұрғын үйлер әлеуметтік нысандар, аудан орталығынан мұражай ғимаратын салуға атсалысқанын жұртшылық жақсы біледі. Осындай қажырлы еңбегінің нәтижесінде білікті агроном құрметке бөленіп, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанды, «Құрмет» белгісі, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімі мерейтой иесіне Құттықтау хат және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Мерейтойлық қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, еңбек ардагерлері, әріптестері Төлеу Сүлейменов, Ұлмекен Жанәлиева, Нұрлан Оразбеков, Марат Омаров құттықтау тілектерін жеткізіп, ел үшін атқарған еңбектеріне тоқталды.

Өз кезегінде мерейтой иесі Алданберген Құлбаев жетістіктер тек адал еңбек арқылы ғана келетінін айтып, ризашылығын білдірді.

БӨЛІСУ