Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Ардақ Ибраимов облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының атынан аудан ардагерлерін арнайы құттықтап барды.

Алдымен еңбек және тыл ардагері, білім беру ісінің үздігі, 40 жылдан астам Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде физика пәні мұғалімі болып қызмет атқарған Гүлбағира Мұқтарқызының шаңырағында болып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Ұстаздық қызметтің жолында еңбек еткен Гүлбағира Мұқтарқызы, жолдасы – Тоқшылық Үйсінбайұлы екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген.

Ардагер ананың ақ батасын алған аудан әкімі Ардақ Ибраимов, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жайшылық Ағыбайұлының отбасында болып, халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Елеулі еңбек жолында бірнеше салада басшылық қызметтерді атқарған ардагер ағамыз, елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын, күнделікті көгілдір экраннан көріп отыратынын айтты. Ел президентінің, үкімет басшысының, облыс әкімінің ауқымды бастамаларына сәттілік тілейтінін жеткізді.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың мерекелік құттықтауы Аққұм ауылында жалғасты. 89 жастағы Алпысбай Ақбергенұлы 1935 жылы Аққұм ауылында дүниеге келген.

1965 жылдан бастап осы совхозда механик , гараж меңгерушісі болып 36 жыл жұмыс атқарған еңбек ардагері аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың әр сөзін зейін салып тыңдап, тындырымды істерге сәттілік тілеп батасын берді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевпен бірлесе отырып, аудандағы атқарылатын оң бастамаларда ардагерлердің кеңесін ескеру маңызды екенін айтты.

БӨЛІСУ