Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты шара өтті. Шараға аудан басшылығы бастаған бірқатар ел азаматтары, аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі А.Ибраимов аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеген ұлт.
Осы ретте Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Аға буынның тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бірлік пен татулықты, бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді.
Өскелең ұрпақ үшін Сіздер борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген өшпес ерік-жігердің үлгісісіздер!
Барлық уақытта адамзат үшін қарттардың даналығы жастар үшін баға жетпес байлық болып табылады.
Құрылғанына 85 жыл толып отырған ауданымыздың тарихында Сіздердің еңбек жолдарыңыз, қосқан үлестеріңіз алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпаққа жетіп отыр. Уақыт өтсе де ардақты ағалардың өнегелі де өрелі істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек» деген аудан әкімі бірқатар ардагерлерге алғыс хат табыстады.

Мерекелік шара барысында ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қазыналы қарттарымыздың орны ерекше екенін жеткізген аудандық ардагерлер Оспан Тәуекелұлы, Қосым Жүсіпбекұлына «Қызылорда облысының Құрметті ардагері», Өміртай Кемелов, Ұлшара Салықбаева, Күлдәрай Пірімжановаға «Жалағаш ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті.
Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілікте, тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты ардагерлер, қазыналы қарттарымыз деп есептейміз. Міне, бүгінгі күн – саналы ғұмырларында тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне арналған салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

БӨЛІСУ