Халықаралық қарттар күніне орай Қармақшы ауданының ардагерлеріне Түркістан қаласына сапар ұйымдастырылды. Бұл шара аудан әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып, ардагерлерге рухани және мәдени демалыс сыйлады.
Сапарға ауданның 2 кенті мен 12 ауылдық округтерінің ауданымыздың әлеуметтік экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан сала және еңбек ардагерлері қатысты. Сапар барысында қатысушылар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп, «Ұлы дала елі» орталығы мен «Керуен сарай» кешенін аралады.
Ардагерлер Түркістанның соңғы жылдардағы қарқынды дамуы мен заманауи инфрақұрылымның қалыптасуын жоғары бағалады. Олардың пікірінше, бұл сапар ұлттық мәдениет пен тарихқа терең бойлауға, сондай-ақ Түркістанның жаңа келбетімен танысуға мүмкіндік берді. Ардагерлер сапарды ұйымдастырған аудан басшылығына алғыс білдірді.
Осындай шаралар үлкендерді қолдап, олардың қоғамдағы орнын айқындау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да ардагерлерге арналған мәдени және рухани сапарлар мен іс-шаралар жалғасын табады деп жоспарлануда.