Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген даналық сөз бар. Бұл нақыл өзіміз өмір сүріп отырған жеріміздің тазалық мәдениетіне немқұрайлы қарамау керектігін ұғындырады.

Бүгін Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау бағытындағы «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында жаңақорғандық партияластар Жайылма ауылына қарасты трасса бойын күл қоқыстан тазартты.

Атап өту керек, эко акция әр апта сайын барлық аудандарда, алдын ала, арнайы зерделеніп белгіленген участоктерде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі тазалық жұмысына 30-ға жуық партия белсендісі шығып, аталған жол бойынан 500 кг астам түрлі қоқыс жинақтады.

«AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы жанындағы «Орталық» БПҰ төрағасы Алма Мамирова «Таза бейсенбі» партиялық жобасы жаңа экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.

«Табиғат – тіршілік көзі болса, тазалық – берекенің бастауы. Болашақ ұрпаққа таза табиғат әлемін қалдырамыз десек, тазалық мәдениетін әрбір азамат сезінуі тиіс. Себебі, тазалық – баршаға ортақ»,- деді Алма Мамирова.

БӨЛІСУ