Әрбір азаматтың қартайған шағын лайықты деңгейде қамтамасыз ету туралы қамқорлық – әлеуметтік саясат пен «AMANAT» партиясының негізгі міндеттерінің бірі. Партияның Саяси тұғырманамасында әлеуметтік әділеттіліктің барлық аспектілері, оның ішінде әрбір қазақстандықтың, оның ішінде аға буынның бақытты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталғандығы көрсетілген.

Бүгін «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы және 1 қазан – Қарттар күні мерекесі аясында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ҰОС ардагері Әбдірахман Бәйтіковтің шаңырағында болып, қарт жауынгерді мерекемен құттықтады. Ардагерге ізгі лебізін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

Сырбойылық қаһарман 1924 жылғы 27 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың 2 дәрежелі медальімен, «ҰОС 40, 55, 60 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Кездесу барысында жағдайын біліп, ілтипат көрсеткен партия басшылығына қазыналы қария ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Шараның мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту.

БӨЛІСУ