Елімізде жыл сайын қазан айының алғашқы күні – Халықаралық қарттар күні мерекесі ретінде аталып өтіледі. Соған сәйкес бүгін Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шара өтіп, қазалылық ардагерлер құрметке бөленді.

Мерекелік салтанатты шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қатысып, абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді мерейлі мерекемен құттықтады.

– Абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің, береке-бірліктің қайнар көзі. Халқымыздың «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген ұлағатты сөздері Сіздер сынды халық арасында сый-құрметке ие болған абзал азаматтарға арналғаны ақиқат. Еселі еңбекке, ерен ерлікке толы өмір жолдарыңыз және ақылшы-ұстаздық қабілеттеріңіз әрқашан ұрпаққа үлгі-өнеге.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсетіп, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ардагерлерге «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Қариялардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, Қазалының қазыналы қарияларына аудан әкімінің арнайы сыйлықтары табысталды. Мерекелік кеште «Атамұра» ардагерлер ансамбліде ерекше өнер көрсетіп, мереке иелеріне әдемі ән шашуын тарту етті.

Айта кетейік мерекелік шара басталмас бұрын, аудан әкімі мен шараға келген қонақтар мәдениет орталығының фоесінде аудандық орталықтандырылған кітапхананың көрмесін тамашалап, домбырашылар ансамблі қонақтар мен ардагерлерге қазақ күйлерін тартып, рухани көңіл күй сыйлады.

БӨЛІСУ