Аудандық мәдениет үйінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай мәдениет саласы ардагерлерінің қатысуымен «Қарты бар үйдің қазынасы бар» атты салтанатты шара өткізілді.

Мерекелік кеш алдымен қарттарға арналған әсерлі бейнероликпен бастау алды.

Шарада аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев сөз алып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Әркез қарияларымыздың ел дамуы жолындағы ерен еңбегі мен үлгілі істерін ардақтап келеміз. Олардың әлеуметтік мәселелері біздің ұдайы назарымызда. Ардагерлерді ардақтау, қарияларды қадірлеу, үлкеннің жолын кеспей, сөзін бөлмеу сынды ізгілік ұстанымдарды ұштастыру арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеміз. Бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін. Әрдайым еңселі еліміздің іргелі істерін бірлесе атқаратынымызға сенімім мол, – деп, ақжарма лебізін білдірді.

Мерейлі мерекеге орай сахна төріне аудан әкімінің ықылас гүлі қойылды.
Салтанатты кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі мерекелік шараның көркі болып, аяулы ардагерлеріміздің ерекше қошеметіне бөленді.

БӨЛІСУ