Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұжымы «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» орай өңірдің дамуына елеулі еңбек сіңірген, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ та жемісті еңбек еткен сала ардагері Алмасбек Сардарбекұлын арнайы құттықтады.

Шарада сөз алған басқарма басшысы Руслан Каюпов сала ардагеріне құттықтау лебізін білдіріп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

Алмасбек Сардарбекұлы еңбек жолын Сырдария ауданындағы №144 орта мектептің мұғалімі болып бастап, зейнетке шыққанға дейін әр жылдары облыстық тілдерді дамыту жөніндегі, облыстық ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері басқармаларында түрлі лауазымдарда абыроймен еңбек етті.
Оның мемлекеттік қызметте жүріп, жастарға тәлім-тәрбие беруде, олардың іскерлік қабілетін арттыруда сіңірген еңбегі зор. Қай салада қызмет етсе де, ұжымды ауызбіршілікке ұйыстырып, ағалық қамқорлығын көрсете білді.

Алмасбек Сардарбекұлымен бірге қызметтес болған әріптестері оның қағазға деген ұқыптылығын, сауаттылығын, ұйымдастыру қабілетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасаудың үлгісін көрсете білген азамат ретінде таниды.

Бүгінде зейнет демалысында болса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

БӨЛІСУ