Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың І мектепішілік кезеңі басталды. Аймақтағы интеллектуалдық жобаға 8189 оқушы тіркелді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 5500 оқушыны құраған болатын, яғни биыл қатысушылар саны 2689 оқушыға артты.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартып, ауылдық жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін анықтап, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдар алуына жағдай жасап, шалғай елді мекендердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған республикалық олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысуда.
Ауыл олимпиадасы 13 пән бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда өткізіледі. Олимпиаданың І кезеңіне қатысу үшін оқушылар auyl.daryn.kz сайтында тіркелді және 8 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірді.
Олимпиаданың I мектепішілік кезеңі қыркүйек айында басталса, II аудандық кезең қазан, III яғни облыстық кезең қараша айларында, IV шешуші, республикалық кезең желтоқсан айында өтетін болады.
Өткен жылғы олимпиада жеңімпаздары биылғы олимпиаданың республикалық кезеңіне пәндер сәйкестігі бойынша барлық кезеңдерге қатысу шарттарын сақтай отырып, конкурстан тыс қатыса алады.
Естеріңізге салсақ, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бұл олимпиада алғаш рет өткен оқу жылында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бастамасымен өткізілді.
Олимпиаданың І бастапқы, мектепішілік кезеңінің бірінші күнінде ауыл мектептерінің оқушылары олимпиада талаптарына сәйкес интернет байланысы желісіне қосылған дербес компьютерлермен жабдықталған орындарда құқық негіздері, орыс тілінде оқытылатын мектептердегі қазақ тілі және қазақстан тарихы пәндерінен онлайн платформадан тестілеуден өтті.