Бүгін облыс орталығындағы бірнеше білім ордаларының базасында басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы еңбек күніне орай өңірдегі білім саласының кіші қызметкерлерімен кездесіп, еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, мерекелік алғыс хаттармен марапаттады.

Басқарма басшысы құттықтау сөзінде: “Бұл мереке — адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз. Ауқымды салада маңдай терімен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Білім ордаларының тазалығы мен ғимараттарының ішкі-сыртқы күтімін жасап, аянбай еткен еңбектеріңізге зор ризашылығымды білдіремін! Баршаңызды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын”, – деді.

Шара барысында облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Есқалиева Гүлнар Бабабекқызы саладағы еңбек иелеріне жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары әннен шашу шашып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

БӨЛІСУ