Бүгін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен Қызылорда облысының қорғаныс істері департаментінің ұйымдастыруымен аймақта әскери қызмет жасындағы азаматтардың кезекті тобын Қазақстан Республикасының мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Аталған салтанатты шараға “Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері” қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы М. Ршауов, Қызылорда облысының қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник А.Жакипов арнайы қатысты.

Шығарып салу рәсіміне қатысқан қонақтар Отан алдындағы борышын өтеуге жөнелтілетін болашақ сарбаздарға өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп, ақ жол тіледі! Шара мәдениет саласы қызметкерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айта кету керек, Қызылорда облысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қатарына күзгі әскерге шақыру маусымында 21 азамат жөнелтілді. Мерзімді әскери қызмет өткеру тек қару қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеруге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар, жастарымыздың денесін шынықтырып, рухани нығаюға ықпал етеді.

Аймақта әскерге салтанатты түрде шығарып салу рәсімдері алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

БӨЛІСУ