Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Қазалы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалының бастығы Ербол Сәулебековпен кездесті.

Аудан әкімі алдымен Ербол Сәулебековке теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би алаңы мен вокзал ғимараты аумағына жүргізілген абаттандыру жұмыстарын көрсетті. Сондай-ақ теміржол вокзалының сырт келбетіне, ондағы жолаушыларға жасалған жағдайға қарап өңірдің имиджі қалыптасатынын атап өтіп, нысан аумағында тазалық сақталмайтынын жеткізді.

Мұнымен қоса вокзал алдындағы перронда орналасқан дүңгіршіктер ретсіз орналасып, нысанның көркін бұзып тұрғандығын айтты. Сонымен қатар елімізде мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы аясында да аудан көлемінде өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарына аудандағы теміржол мекемелерінің өз деңгейінде атсалыспайтындығында ескертті.

Өз кезегінде «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның облыстық филиалы бастығы Ербол Тәңірбекұлы аталған кемшіліктер бойынша аудандағы теміржол мекемелерінің басшыларымен кездесіп, жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Айта кетейік, Қазалы теміржол вокзалы арқылы 20-дан астам пойыз өтіп, күніне 600-ге жуық жолаушы тұрақтайды.

БӨЛІСУ