Референдум: Қызылордада 2652 учаскелік комиссия мүшесі қызмет атқаруға дайын.

6 қазан күні еліміз бойынша республикалық референдум өткізіледі. Маңызды саяси науқанда Қызылорда өңірінің 492381 азамат дауыс беруге құқылы. Жауапты кезенде аймақта 380 учаскелік комиссия құрылып, 2652 комиссия мүшесі қызметке тартылды.

Референдумды ашық әрі заң талабына сай өткізу УРК тікелей міндеті. Комиссия құрамына енген әрбір азаматтың білім деңгейін жетілдіру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында Қызылорда облысының өңірлік оқу орталығы және Қызылорда облысының аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен учаскелік комииссия мүшелері үшін оқыту өткізілді.

Салалық тақырыптарға мамандаған кәсіби лекторлар референдум өткізудегі құқықтық және құжаттамалық мәселелер, дауыс беруші азаматтардың тізімімен жұмыс жүргізу, байқаушылар, БАҚ өкілдерімен жұмыс жүргізудің тиімді шарттары тақырыбында ой бөлісті.

Басқосуларда Қызылорда қаласындағы және аудандардағы құқық қорғау саласының өкілдері референдум кезінде құқық бұзушылықты болдырмау, дауыс беру учаскелерінде тәртіп ережелерін сақтау мәселелері бойынша негізгі ережелерді түсіндірді.

Оқу семинарында лекторлар комиссия мүшелерін рөлдік ойындарға бөліп, ситуациялық жағдайларға негізделген практикалық кейстерді талқылады.

Қызылорда қаласындағы 3 күндік оқытуға 683 комиссия мүшесі тартылды. Әрі қарай лекторлар семинарды көшпелі форматта барлық аудандарында жалғастырды. Мұнда 1065 комиссия мүшесі оқытылды.

Оқытуға төраға, төраға орынбасары, хатшы және жаңадан қосылған комиссия хатшылары шақырылды. Арнайы оқытудан өткен комиссия мүшелері каскад әдісімен өзге де мүшелері оқытады.

Айта кетейік, Қызылорда өңірінде дауыс беруші азаматтардың өз учаскесін анықтау үшін referendum.orda.kz сайты және 109 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Сондай-ақ, тізімге тіркелген әрбір дауыс беруші азаматқа шақыру қағаздары мен смс хабарламалар жіберілетін болады.

БӨЛІСУ