АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Байқоңырлық жастармен жүздесті.
Республикалық Халықтық штаб мүшесі Қазақстанның жаһандық прогрестен тыс қалмауы қажет екенін айтып, АЭС салудың маңыздылығына назар аударды. АЭС құрылысы жастарға үлкен мүмкіндіктер тудыратынын, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары мен ғылыми зерттеулердің кеңеюіне жол ашатынын ерекше атап өтті.
«Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін бізге АЭС секілді ірі жобалар қажет. Бұл жоба тек энергиямен қамтамасыз етумен шектелмейді, сонымен қатар еліміздің ғылыми әлеуетін арттырады, жаңартылған технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Жастарға бұл жобада үлкен рөл беріледі, өйткені олар болашақтың мамандары, АЭС сынды жоғары технологиялық нысандарды басқаратын кадрлар болады», – деді М.Ергешбаев.
Өз кезегінде жастар АЭС салу арқылы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткізіп, ғылым мен технологияның жаңа деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік беретіні туралы тілге тиек етті.
Жастар атынан Байқоңыр қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Азамат Ердаулетов, Байқоңыр қалалық этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ақерке Абдиканиева АЭС салу бойынша ой-пікірлерін білдірді.
«АЭС салу елімізге әлемдік деңгейде жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Жастардың бұл салада өз үлесін қосуы өте маңызды. АЭС – бұл жаңа деңгейдегі ғылым мен техниканың тоғысуы, және біз, жастар, осы процестің ортасында болуымыз керек», – деді А.Ердаулетов.
Ақерке Абдиканиева АЭС-тың жастарға беретін мүмкіндіктеріне тоқталып: «АЭС салу – бұл еліміздің болашағына жасалған инвестиция. Біздің елде осындай ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы біз жастардың болашағына үлкен мүмкіндік ашамыз», – деп ойын жеткізді.
Жиынға қатысқан Қармақшы аудандық Халықтық штаб мүшелері Мақсат Есбенбетов пен Сейл Жұмадьяров өз сөздерінде атом электр станциясының құрылысы энергетика мен өнеркәсіп өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді. Ол сондай-ақ Қазақстанның энергетика саласына заманауи технологияларды енгізуге әкеледі деп атап өтті.
Жиын соңында Байқоңырлық жастар АЭС салу бойынша сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.