АЭС салу мәселесі қоғамда жан-жақты талқылануда. Осы орайда елімізде бірнеше партиялар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесуімен арнайы Халықтық штаб құрылып, бүгінгі күні өңірлерде жалпы АЭС-тің маңыздылығы мен артықшылығы, экономикалық және экологиялық тиімділі төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта Жаңақорған ауданына арнайы ат басын тіреген ҚР Парламентінің Cенат депутаты Руслан Рүстемов аудандық мәдениет үйінде өнер майталмандары және кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, жан-жақты пікір алмасты.
Кездесу барысында АЭС төңірегінде кеңінен ақпарат берген Сенат депутаты елімізде атом станциясы салынса, жаңа жұмыс орындары құрылып, ғалымдарымыз сыртқа кетпей, өзімізде жұмыс жасайтындығын және атом энергетикасы экологиямызға да пайдасын тигізетіндігін атап өтті.
«Қазір біз тұтынатын қуаттың 70 пайызы көмір станцияларында өндіріледі. Бұл станциялардың 70 пайызы тозып, ескірген. Көмір түтіні ауамызды ластап тұрса, көмір қалдықтары жерімізді ластауда. Атом станциясынан шығатын парник газының көлемі көмірмен салыстырғанда 135 есе төмен екені айтылуда. Сонымен қатар, осы тұста айта кетейін атом станцияларының салынуы МАГАТЭ – Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттіктің тікелей қадағалауымен іске асады. Жобасы, салынуы, іске қосылуы және жұмыс істеп тұруы – түгелдей халықаралық мамандардың бақылауында болады», – деді Руслан Рүстемов.
Қазақстанның қуатты елге айналуы – баршамыздың мұратымыз. Жүйелі бастама болашақта өз жемісін береді. Кездесуде сөзін түйіндеген депутат жиылғандарды еліміздің тағдырына байланысты таңдау сәтінде жауапкершілікпен қарауға шақырды.