Соңғы жылдары халық пен бизнес қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі. АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін шешіп, оның алдағы экономикалық дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің маңыздылығын түсіндірген Халықтық штаб өкілдері білім саласы қызметкерлермен кездесуде осылай деді.

Атап өтейік, бүгін республикалық Халықтық штаб мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов жалағаш ауданында болып, өңірлік штаб мүшелерімен бірге ұстаздар қауымымен кездесті.

Басқосуда 6 қазанда өтетін референдум мен Президент Жолдауының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Мархабат Жайымбетов: бүгінде АЭС идеясына қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдіргені маңызды екенін атап өтті. Сондықтан партиялар мен жетекші қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Осы күні Халықтық штаб мүшелері өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесуде. Қазірдің өзінде халық тарапынан бейбіт атом идеясына үлкен қолдау байқалады. «Бүгін біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешімдер халықпен бірге қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні осында. Біз барлығымыз бірге жаңартылған Конституция үшін дауыс бердік. Қазір халық қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Бұл жолы да бірлесіп, еліміздің прогрессивті дамуына тағы бір батыл қадам жасауымыз керек. 6 қазанда біз батыл шешім қабылдап, АЭС құрылысына дауыс беруіміз керек», – деп атап өтті.

Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов: кәсіби мамандардың дәлелді сөздері күмәншіл адамдар мен сыншылардың пікірінен басым түсіп, атом энергиясына қатысты халықтың қорқынышы мен үрейін сейілтуі өте маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында білім саласының қызметкерлері АЭС құрылысына қолдау білдіріп, барша қазақстандықтарды референдумға белсенді түрде қатысуға шақырды.

БӨЛІСУ