Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте жылу беру маусымына дайындық барысы, әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды отын қорымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

«Өздеріңізге белгілі, өткен аптада облыс әкімінің төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық барысы, әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды отын қорымен қамтамасыз ету мәселесі қаралып, нақты тапсырмалар жүктеді. Осыған орай, осы жылдың 1 қазанына дейін барлық әлеуметтік нысандардың 80 пайызын отын қорымен қамтамасыз етуді тапсырамын.
Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша ешқандай мәселе туындамауы тиіс» деген аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы мен аудандық аурухананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтұлына осы мәселеге қатаң бақылау орнатуды, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлына жылу беру маусымында отын қорымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлермен бағаны негізсіз көтермеу бағытында түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізуды жүктеді.

Мәжілісте күзгі мезрімде әскери қызметке шақырылушылардың және әскерге шақыру пунктіне келмей жүрген, денсаулық жағдайлары бойынша қосымша тексерілуге жіберіліп, қайта оралмаған азаматтарды шақыру пунктіне жеткізу бойынша жұмыстарды жандандыру мәселелері пысықталды.

Мұнан бөлек, мәжілісте мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес тұрғындармен жеке қабылдау өткізу, жоғары тұрған органнан келген хаттамаларды сапалы орындап, мерзімінде жолдау мәселелері күн тәртібіне ұсынылды.

Әрбір мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік қызметшілердің хаттамалық тапсырмаларды орындау барысында сапасыз ақпараттарды ұсынбауы тиіс. Бұл ретте бірінші басшылар тарапынан бақылау-қадағалау жұмыстары жүйеленіп, жоғары тұрған органға жолданатын ақпараттың сапасына мән беріліп, қызметкерлердің орындаушылық тәртібі күшейтілуі керек.

Аудан әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың мерзімінде орындалуына қатаң бақылау орнатуы тиіс.

Бұл ретте, аудан әкімі А.Ибраимов меншік нысанына қарамастан барлық мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларына облыс және аудан әкімдерінің төрағалығымен өткізілген мәжілістерде берілген хаттамалық тапсырмалардың мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алып, жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

БӨЛІСУ