Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жылу-электр орталығында алдағы жылу маусымына дайындық мәселелері бойынша көшпелі мәжіліс өткізіп, мекемеге 9 арнайы техниканың кілтін табыстады.

Аймақ басшысы кәсіпорын қызметкерлерінің қажырлы еңбегін атап өтіп, саланың дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынды. Экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында алғашқы орыннан көрінді. Облыстың биылғы бюджеті 744 млрд. теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат бірінші кезекте аймақтың өзекті мәселелерін шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуда.

Тұрғындарды жылумен үздіксіз қамту мақсатында жылу нысандарын жаңғыртуға 12 млрд. теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 9,5 шақырым жылу желілерін жаңғыртудың 6 жобасын жүзеге асыруға 6 млрд. 900 млн. теңге қаржы бағытталды. Үкімет резервінен «Оңтүстік» қазандығының «Bono Energy» маркалы үш бу қазандығын жаңғыртуға 2 млрд. 700 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті бюджет және кәсіпорын қаржысы есебінен мекеменің негізгі қондырғылары мен жылу қазандықтары жөндеуден өткізілуде. Жұмыс жылу беру маусымына дейін толық аяқталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Нысан 2025 жылғы тамыз айында ел игілігіне табысталады.

Бүгін орталық қызметкерлерінің халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін облыстық бюджеттен 521 млн. теңгеге сатып алынған 9 жаңа заманауи арнайы техниканың кілтін табыстаймыз. Жаңа техникалар ел игілігі үшін қызмет етеді деп сенеміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласы және Арал ауданының Құрметті азаматы Имамадин Оңғарбаев орталық ұжымын құттықтап, бата берді.

Жылу-электр орталығына жұмысқа ең қажетті арнайы техникалар, атап айтқанда, экскаватор, манипулятор, автокран, жүк тасығыш табысталды.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін 300, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 арнайы техника, ветеринария саласының мамандарына 59, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік алынды.

Коммуналдық салаға да жан-жақты қолдау көсетілуде. «Қызылорда тазалығы», КРЭК, «Қызылорда су жүйесі» мекемелеріне 42 арнайы техника табысталып, тұрғындар игілігі үшін қызмет етуде. Алдағы уақытта «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне 5, «Жасыл Қызылорда» мекемесіне 23, «Қызылорда тазалығы» мекемесіне 24 жаңа арнайы техниканың кілті табысталмақ. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына қажетті, заманауи үлгідегі 48 арнайы техника берілді.

Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес өңірдің барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік алынуда. Оның 126-сы қолданыста, қалған 74-і жақын күндері табысталады.

БӨЛІСУ