Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте су тасқыны салдарын жою және олардың алдын алу туралы мәселе қаралып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді.

Алдымен жиын басталмас бұрын аудан әкімі ауданда орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталып, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы болып тағайындалған Әліпов Қадырбек Раманқұлұлын мәжіліске қатысушыларға таныстырды. Сонымен қатар алдағы жаңа қызметіне сәттілік тілеп, ауданның денсаулық сақтау саласынының дамуы мен тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруда белсенді қызмет етеді деп сенім білдірді. Сондай-ақ бұған дейін аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып келген Бахытгүл Әлмәмбетқызын құрметті зейнеткерлік демалысына шығуымен құттықтап, «Құрмет грамотасын» табыстады.

Мұнан соң аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселеге көшіп, ауданда су тасқынының алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Өздеріңіз білесіздер, осы жылдың көктемінде ауа райының бірден жылып кетуі, қар суының еруі және жауын шашынның мол болуынан еліміздің 12 аймағында су тасқыныны орын алды. Осындай ахуал біздің өңірімізде орын алмас үшін кез-келген жағдайға тас-түйін дайын отыруымыз қажет. Оның ішінде бүгінгі таңдағы Сырдария өзені арқылы жоғарыдан келіп жатқан аз мөлшердегі суға немқұрайлылық танытпай, қорғаныс бөгеттерінің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыру керек, – деді аудан әкімі.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттерінің жағдайы туралы «Қазалысушар» өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Жанбай Садық пен су тасқынының салдарынан орын алу ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев баяндама жасады.

Жиын соңында аудан басшысы Сырдария өзеніне жақын орналасқан елді мекендерде су басу қауіпінің алдын алу шараларын үнемі қадағалап, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдайлардың алдын алуда жұмылдырылатын арнайы техникаларының дайындығын пысықтауға қатысты тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мәжілісте мұнан кейін аудандағы күзгі егін жинау барысы туралы мәселе қаралып, бұл бойынша аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндама жасады.

Баяндамашыдан кейін аудан әкімі жаздайғы дала еңбеккерлерінің еңбегін ысырап қылмай, төгіп шашпай, күні райының жағдайына қарап, тезірек қамбаны астыққа толтырып алу жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

БӨЛІСУ