Қызылордада оқушылардың тамақтану сапасына жүйелі мониторинг жүргізу және тамақтандыру мәселесін тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдау мақсатында құрылған сараптама тобы бекітілген кесте бойынша өз жұмысын бастады. Бұл мониторинг тек қала мектептерінде ғана емес, аудан мектептерінде де жүзеге аспақ. Мониторинг жүргізудің негізгі мақсаты — балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету, асхана жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының заңдылыққа сәйкестігін қадағалау. Алдымен, бір типті өнімдерден бас тартып, мектеп асханасының мәзірін түрлендіруге мән бергізу.

Комиссия құрамында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының өкілдері мен жақтастары, білім беру, денсаулық сақтау органдарының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері бар.

Сараптама тобы №264 мектеп-лицейінде бракеражды комиссиясының жұмысымен танысып, оқушыларды тамақтандыру құжаттарын қарап шыққан соң, №282 мектеп-лицейге барды.

Сараптамалық топ мүшелерінің айтуынша, бұл мектептерде санитарлық нормалар мен білім беру мекемелеріндегі ережелердің сақталуы талапқа сай. Мектептегі асхана қызметкерлерінің санитарлық кітапшалары бар. Жұмысшылар қауіпсіз ортада еңбек етуде. Тағамдар мен азық-түлік өнімдерінің сапасы, сақталу мерзімі дұрыс. Балалардың денсаулығына, тамақтануына 5 жылдық мониторинг жүргізілген. Тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін видеороликтері де бар.

— Ыстық тамақ пен өнімдер бойынша қызмет көрсетудің өзіндік стандарттары бар. Біз мектептердегі ас мәзірін, құжаттамаларды тексердік. Дені сау ұрпақ қалыптасу үшін балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуіміз керек. Білім беру ұйымдарында балаларды ыстық тамақпен қамтудың басты мақсаты да дені сау ұрпақ қалыптастыру, бұл болашағымыздың жарқын болуы үшін маңызды. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудан зардап шегетін жағдайды болдырмай, керісінше ертеңіміз үшін келелі іс жасап отырғанымызды түсінуіміз маңызды. Тамақтан уланудың алдын алу, құнарлы да сапалы тағаммен қамтамасыз ету, асханада қызмет ететін әрбір маманның өз жауапкершілігін сезінуі үшін қоғамдық бақылау жүргізудің берері мол болмақ, — дейді «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жақтасы Айымхан Есіркепқызы.

Мониторинг қорытындысымен білім беру, денсаулық сақтау органдарының жауапты мамандары, мектеп директорлары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері және кәсіпкерлердің қатысуымен сараптамалық кеңес өтеді.

БӨЛІСУ