Облыстық ведомствоаралық сараптамалық топ білім беру ұйымдарында құрылған бракераждық комиссияның жұмысын зерделеуді жалғастыруда.
“Әділдік және өркендеу” қоғамдық қоры белсенділері мен жақтастары бар сараптамалық топтың құрамында білім, денсаулық сақтау басқармасының мамандары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы да бар.
Сараптамалық топ Қызылорда қаласының мектептерінде тамақтандыруды ұйымдастыру жұмыстарымен танысып, бракераждық комиссиялардың құжаттарын қарауда. Бұл зерделеу жұмыстары ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіне дейін жалғасып, қалаға қарасты ауылдар мен аймақтың аудандарындағы мектептерінде де жалғасын табуда.
Маңғыстау облысының мектеп асханасында балалардың улану жағдайына байланысты зерделеу барысында аймақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Топ мүшелері бүгін Баймұрат батыр ауылындағы 218 орта мектебі мен Махамбетов ауылындағы 268 мектеп-лицейіндегі асханаларға зерделеу жасады. Мониторинг қорытындысымен дөңгелек үстел отырысы өтетін болады.