Ел үкіметі қай заманда да бала келешегіне құйылатын инвестицияның тынысын тарылтқан емес. Оған бүгінгі таңда бүлдіршіндер болашағы үшін жасалып жатқан қыруар іс-қимылды мысал етсек жарасады. Әсіресе, кішкентай құлыншақтарға мектепке дейінгі тәрбие-ілім беру ісін бәсекелестік ортаға салуы жеке балабақшалардың жарыса дамуына дем беріп отыр. Бүгін ауданның бас ұстазы Әділхан Жөлекешов бастаған комиссиялық топ осындай құлыншақтар құтханасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Бөлім басшысы алдымен «Дарын» бақшасының дарындыларының жай-күйін көрді. 50 бүлдіршінге арналған балабақшаның меңгерушісіне орын алған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берді. Бұдан соң 70 орындық «Аида», «Ақниет-2» балабақшасының тыныс-тіршілігімен танысып, мекеме меңгерушілері бөбектер мекенін одан әрі дамыту жоспарымен таныстырды.

Комиссия мүшелері түс ауа «Гауһартас», «Гауһартас-2» балабақшаларын бақылап қайтты. Олар балалардың ас мәзіріне ден қойып, тамақ сапасын арттыру, асхана жұмысына қойылатын талаптарды мүлтіксіз орындауға шақырды. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов: «Жеке балабақша ашу – жақсы табыс көзі деп ойлайтын кәсіпкерлеріміз жоқ емес. Бірақ сіздер мұның артында еліміздің ертеңі, осындағы ұрпақтың келешегі, ата-ана сенімі, әрі-беріден кейін ұлт алдындағы ұлы жауапкершілік тұрғанын естен шығармауларыңыз керек. Өйткені баланы күтіп-баптау, олардың үлгілі азамат болып қалыптасуына ел патриоты ретінде бәріміз мүдделіміз. Егер осындай ойға берік болмасаңыздар, бала тәрбиесімен айналысуға жол бермейміз», – дегенді айтты.

Еске сала кетейік, білім бөлімі жанынан құрылған комиссия жұмысы әлі де жалғасады.

БӨЛІСУ