Қазалы ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында күзгі санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Аудан көлемінде өткен сенбілік жұмыстарына барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары мен аудан тұрғындары атсалысты. Сенбілік жұмыстары барысында мекеме ұжымдардың басым көпшілігі Жанқожа баба кесенесінің аумағына жұмылдырылып, киелі орынды ретсіз шашылған қоқыс пен қураған шөптерден тазаратты.

Мұнымен қоса сенбілік барысында аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағы, Т.Бөріқұлақов пен Жанқожа көшелерінің бойындағы шөптер шабылып, электр бағаналары сырланды. Сондай-ақ барлық елді мекендер бойынша 26 шақырым аяқ су арықтары тазартылып, 24 тонна бей-берекетсіз шашылған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.

Аудан орталығында ұйымдастырылған тазалық және абаттандыру жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аралап көріп, Әйтеке би кентінің әкімімен тазалық жұмыстарын жүргізетін әрбір аймақтың басшысына бірқатар кемшіліктер бойынша тапсырмалар берді.

Сенбілік жұмыстарына аудан орталығынан бөлек барлық ауылдық округтердің тұрғындары да қатысып, белсенділік танытты.

БӨЛІСУ