Білім саласының қызметкерлері боз кілемде белдесті. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының жүз жылдығына орай ұйымдастырылған балуандар бәсекесіне білім беру ұйымдарынан 30-ға жуық қызметкер қатысып, кім мықтыны анықтады.

Жарыс 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары болып, екі салмақ дәрежесі бойынша өткізілді. Шәкірт тәрбиелеу мен спортты қатар алып жүрген білекті педагогтар кәсіби спортшылардан кем өнер көрсетпеді. Жеңіске деген жігерлері көрермендерге жарқын эмоция сыйлап, зор қошеметке бөленді.

Атаулы мерейтойға орай ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыстың ашылуына Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова мен бірқатар спорт ардагерлері қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша 90 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде №64 орта мектептің атынан қатысқан Лайықов Ұланбек жеңімпаз атанып, турнирдің облыстық кезеңіне жолдама алса, Ұ. Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиядан Әбентаев Асылхан екінші, №59 орта мектептен Жайлаубаев Ерлан үшінші орын алды. 90 килограммнан жоғары салмақ дәрежесінде белдескен балуандар арасында №59 орта мектептен Жұбатқанов Нұрлыбек жеңіс тұғырынан көрініп, өз салмақ дәрежесі бойынша облыста аудан намысын қорғау мәртебесіне ие болды. Ал №220 орта мектептен қатысқан Жамалов Абылайхан мен №81 орта мектептен келген Таушербаев Асылхан сәйкесінше екінші және үшінші орындарды иеленді.

Турнир жүлдегерлері мен сайыс төрешілеріне аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының атынан ақшалай жүлде берілсе, басқа қатысушыларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар таратылды.

БӨЛІСУ