Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тау-кен өнеркәсібінің өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды. Отандық, шетелдік ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының зерттеушілері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бастамасымен ұйымдастырылған ғылыми-технологиялық Хакатонда басқосты.

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жүйелі қадам қажет екенін атап өтті. Ғалымдар мен өндірісшілердің симбиозы – осы бағыттағы құралдардың бірі. Бүгін біз үшінші рет хакатон өткізіп отырмыз. Ол ғалымдар мен өндірісшілердің күш-жігерін біріктіріп, нақты технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Мұндай ғылыми-инновациялық форматтар – елдегі ғылымның коммерциялануы мен технологиялық прогресстің негізі», – деп атап өтті. Қызылорда университеті уран өндіру саласының түйткілді мәселелерін талқылау алаңына айналып, 6 топтан тұратын ғалымдар мен тәжірибелі мамандар өнеркәсіптік кластердің 25 өндірістік тапсырмасын шешумен айналысты.

Арнайы құрылған топтарда сарапшылар нақты нәтижеге бағытталған технологиялық ұсыныстар әзірледі. Ғалым Еркін Бектай сирек кездесетін металдар тақырыбымен жұмыс істеген топтың құрамында болып, өз пікірін білдірді. «Біз уран ерітінділерінен скандийді рентабельді түрде алудың шешімін ұсындық. Ол арнайы әзірленген экстрагенттер мен технологияларды қолдануды қамтып, скандийді ең аз шығындармен және өнімнің максималды тазалығымен тиімді түрде бөлуге мүмкіндік береді. Бұл процестің тиімділігі мен экономикалық негізділігін арттыра отырып, осы саладағы жұмыстың нәтижелерін айтарлықтай жақсарта алады», – деді ғалым. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ғылым департаментінің директоры Арманбек Өмірғалидың айтуынша, Ұлттық атом компаниясы ғылым мен дамуға ерекше көңіл бөледі.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы ғылым мен дамуға әрдайым ерекше көңіл бөледі, өйткені ғылымсыз әлемде жетекші орынға қол жеткізу және оны ұстап тұру мүмкін емес. Мысалы, бізде үш ірі ғылыми орталық бар, оның ішінде Жоғары технологиялар институты бар. Біздің саланы дамытуға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін ғалымдарымыздың Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарымен ынтымақтастығы біз үшін ерекше маңызды», – деді ол. Ғалымдар мен өндіріс өкілдері уран өндірісінің ерітінділерінен сирек кездесетін металдарды алу және байыту бойынша бірегей технологияларды, жер асты шаймалау кезінде сирек жер металдарын қосымша өндіруді, газ тазарту ерітінділерін қайта өңдеуді, оның ішінде «дымқыл» тазартуды болдырмауды зерттеді. «Осы Хакатонның ерекшелігі – барлық қатысушылар пайдалы дүние жасауға мүмкіндік алды.

Екі күн ішінде біз «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясына және елдің уран өндіру саласына қажет шешімдерді прототиптеу деңгейіне жеттік. Сонымен қатар министрліктің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы үшін болашақ зерттеулер тақырыптары әзірленді. Бұл тұрғыда отандық ғалымдар Қазақстанның ірі уран өндіруші корпорацияларының бірінің сұранысына ие болатын нақты бағыттарды көре алады. Мұндай іс-шаралар ғалымдар мен өндірісшілердің өзара тиімді ынтымақтастығына әкелетініне сенімдімін. Зерттеулеріміздің нәтижелері нақты қолданбалы бағытқа ие екендігіне және оларды қаржыландырып, коммерцияландырып, ең бастысы – өндіріске енгізуге болатынына сенімді бола аламыз», – деді университет ғалымы Нұржан Сүлейменов.

Ғалымдар мәлімделген тақырып бойынша нақты жұмысқа кірісуге, техникалық сипаттамалары бар ғылыми-техникалық тапсырманы дайындауға және болашақта мемлекеттік гранттық қаржыландыруға үміткер болуға дайын екендіктерін білдірді. Хакатон қатысушылары сонымен қатар «Қызылқұм» ЖШС және «Байкен-U» ЖШС кен орындарына барды.

БӨЛІСУ