Бүгінгі таңда аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Теміржол вокзалы аумағы мен вокзал алдындағы Әйтеке би алаңы, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы аудан әкімдігі ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей және 600 орындық Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы ғимаратының алды абаттандырылып «Руханият» скверіне айналмақ.
Мұнымен қоса аудан орталығындағы орталық алаң мен «Жеңіс» саябағын абаттандыру жұмыстары да жоспарланған болатын.
Бүгінгі таңда Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағын абаттандыру жұмыстары басталып та кетті. Алдағы уақытта саябақ ішінде ойын және спорт алаңдары, бассейін, түрлі демалыс орындары, келушілерге арналған сауда қатарлары, жастар бас қосатын арнайы орындар және басқа да тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілмек.
Саябақ ішіндегі бұл жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін барша қазалылықтар мен аудан конақтары Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналған керемет орында бос уақыттарын тиімді өткізбек.
Саябақ ішінде басталған абаттандыру жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет күнделікті бақылауда ұстап, абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатқан медігер мекеме және тиісті сала басшыларына жұмыстарды жеделдетіп ең әуелі сапасына аса мән беруді тапсырды.