Бүгінде аудан диқандары алқаптардан өнімін жинауға кірісті. Ендігі міндет – қырмандағы астықты ауа райының қолайлы шағын пайдаланып, ел ырысына айналған күріш дақылын ысырапсыз тез арада жинап алу болмақ. Бұған жергілікті жерде барлық жағдай жасалған, яғни, адам күші мен техника жеткілікті.
Бүгін «РЗА Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бекарыстан би ауылындағы егін алқаптарында егінге алғашқы орақ түсті.
Серіктестік директоры Нұрлан Имандосов биылғы жылы шаруашылық бойынша 4618 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылғанын айтты. Оның ішінде 2060 гектар жерге күріш, 616 сүрлемдік жүгері, 670 гектар жаңа жоңышқа, 1272 гектар ескі жоңышқа егілген.
Мұнан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет дихандарды алғашқы егін орағымен құттықтап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов ақ батасын берді. Сондай-ақ егін орағының лентасы салтанатты түрде қиылып, «дала кемесі» атанған комбайндар өз жұмыстарын бастады.
Күрішке орақ салу рәсімі мұнан кейін жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің төрағалығымен «Дала күні» мәжілісіне жалғасты. Жиында ауданның аграрлық саласының бастауы егін жинау жұмыстарының дайындығы мәселесі қаралды.
Жиында аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов күріш жинауға дайындық туралы баяндап берсе, егінді суармалы сумен қамтамасыз ету, су ақысы төлемдерінің барысы және су жолдарына жасалатын жөндеу жұмыстарына байланысты «Қазалысушар» өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Жанбай Садық баяндады. Ал, «РЗА Агро» ЖШС-нің директоры Нұрлан Имандосов осы күріш өсіруші шаруашылықтың егін орағына дайындық барысы туралы айтып берді. Баяндамашылардан кейін «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов сөз сөйлеп, дала еңбеккерлерінің жаздайғы еткен еңбегін атап өтіп, егінді ысырапсыз жинап алуларына сәттілік тіледі.
Мәжілісті қорытындылаған аудан басшысы жаздың шіліңгір ыстығына қарамастан нәтижелі жұмыс жасаған дихандардың еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар алдағы міндет ел ризығын шашпай-төкпей, жауын-шашынға ұрындырмай егінді жинап алу керектігін жеткізді.
Осыған сәйкес егілген егінді ысырапсыз мерзімінде жинап алу үшін аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов және ауыл әкімдері мен шаруашылық басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Болатхан Мұхановқа егістікке түсіп, қараусыз, бағусыз жүрген малдардың иелеріне айыппұлдар салуды тапсырды.
Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл 17,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6200 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.