Облыс әкімінің орынбасары Б.Жахановтың “Күріштік алқаптар мен су айдындарында қалған балық шабақтарын құтқару” іс- шарасы аясында Жаңақорған ауданында шабақ құтқару акциясы өтті.
Аталмыш акцияға Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, Арал-сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары мен аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің маманы және табиғат пайдаланушылар қатысты.
Нәтижесімен Аққорған ауылдық округінің “Р-11” каналынан “Кіржуған” көліне 49251 дана және “Жыңғылдысай” көліне – 58 612 дана барлығы 107 863 дана балық шабақтары құтқарылып, жіберілді.
Жыл сайын облыста Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары суару каналдарын тексереді және су енді егістікке түспеген кезде балықты құтқару бағытында жұмыс істемейтін шаруашылықтар туралы ақпарат жинайды.
Шаруа қожалықтары күріш чектерінде өсірілген балықты жинап, оны су қоймаларына жіберуге міндетті. Бірақ бұл талапты күріш өсірушілер көбінесе орындамай жүр. Сондықтан ондаған тонна балық шабақтары қырылуда.
Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының айтуынша, бір күннің өзінде олар 25 мың шабақты құтқарған. Бұл негізінен тұқы мен кубид. Қазіргі уақытта жеті жүз мыңнан астам шабақтарды аулап, бүкіл аймақтағы көлдерге жіберген.
Сонымен қатар, өңір балық шаруашылығын дамыту бағытын ұстауда. 2030 жылға қарай тауарлы балық өсіру көлемі жылына 16 мың тоннаға дейін өседі деп жоспарлануда. Осы мақсатта 69 кәсіпшілік су айдыны, 16 тор және 12 тоған балық шаруашылығы іске қосылды. Фермерлерге балықты күріш чектерінен құтқару бойынша талаптарды орындау үшін еріктілер бұл жұмысты қадағалайды.