2024 жыл Қазақстан үшін энергетикалық болашақ тұрғысынан шешуші кезең болмақ. Елде атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша ұлттық референдум өтетінін хабарлады. Бұл референдум – елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам.
Осы ретте Қызылордада Достық үйінде «Бейбіт атом және жастар үшін мүмкіндіктер» тақырыбында облыстық «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелерімен кездесу өтті. Оған 50-ге жуық жас қатысты.
«Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы, кездесу модераторы Елена Пак атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың дәлелі екенін атап өтті.
Келелі кездесуде облыстық халықтық штаб мүшелері жастардың АЭС-ке қатысты сұрақтарына жауап беріп, жалпыұлттық референдум бойынша ақпаратпен таныстырды.
Облыстық халықтық штаб мүшесі Асылбек Жұмабаев «Елімізде атом электр стансасы салынса, электр қуатының бағасы арзандайды. Бұл ең алдымен халыққа тиімді. Сонымен бірге, шығыны мен зияны мол көмір мен газды тұтынбаймыз», – деді.
Ал Республика партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Назерке Талғатқызы қуаты жойқын АЭС салынса, көрші елдерге кіріптарлықтан құтылып, сенімді энергия көзін тұтынып, экологияны жақсартуға қадам жасайтынымызды алға тартты.
«Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Мұхтар Ибраев ел экономикасының дамуы және атом энергетикасының экологиялық жағдайды жақсартудағы рөліне тоқталды.
Жастар өз кезегінде таза әрі жасыл энергия көзін қолдануға байланысты пікірлерін ортаға салды.
2024-09-20