Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен автогаз құю бекеттері арқылы сұйытылған мұнай газын сату мәселелері талқыланған мәжіліс өткен болатын. Бүгін аймақ басшысы газ сатумен айналысатын операторлармен кездесіп, жеңілдікпен сатылатын жанар-жағармайдан пайда көруді көздейтіндермен келісім-шарт бұзылатынын ескертті. Жиынға жауапты мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
«Мемлекет қолдауымен төмен бағада әкелінген газды пайда көру үшін бизнес өкілдеріне, жүк көліктеріне, сыртқа сататын компаниялардың әрекеті газ тапшылығына әкеп соғады. Жеңілдікпен сатылатын газ – әлеуметтік тауар, сондықтан оның игілігін халық көруі керек. Кәсіпкерлерді қолдаймыз, бірақ жұртшылық есебінен емес. Тұрғындарды 100 пайыз қамтамасыз еткеннен кейін ғана артылғанын сатуға болады. Автобекеттерде кезек, лимит қою, басқа да шектеулер мүлде болмауы тиіс. Жауапты басшылар, күнделікті рейд ұйымдастырып, сату барысын тексеріңіздер. Жоғары баға қоятын, газды мақсатына сай сатпайтын кәсіпкерлермен келісім-шарт бұзылады», – деп ескертті Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі мәселенің тиімді шешімін бірлесіп қарастыруға шақырды.
Жиында бағаны реттеу, орталықтандырылған сатуды ұйымдастыру үшін «Байқоңыр» ӘКК жанынан бірыңғай оператор құрып, газ қорын сақтау және сату ұсынылды. Корпорация 10 күн ішінде тиісті ұсыныс беріп, мәселені қолға алуы керек.