Президент бастамасымен елімізде тазалық пен тәртіп орнатуға бағытталған «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясы өңірімізде 6 сәуірден бастап тұрақты түрде өткізілуде. Облыс әкімімен жыл аяғына дейін атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді. Науқанға барлығы 320 мыңнан аса (320 345) еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысып, тазалық шараларына үлестерін қосуда. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы
С. Сермағамбетов журналистермен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Науқан аясында 12 мың тоннадан (12 876) астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 505 скверлер мен парктер, 225 тарихи мәдени ескерткіштер, 791 әлеуметтік нысандар (мектептер, бала-бақшалар, спорт, денсаулық сақтау және т.б.), 1 мың 855 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 322 су объектілері (өзендер, көлдер, жасанды су айдындары, субұрқақтар, арықтар және т.б), 33 мың 028 аулалар мен көшелердің бойы (4 127 көп қабатты үйлер мен 28 901 жер үйлердің аулалары) тазартылды. Оған 500-ден аса техника (548) жұмылдырылды.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, барлығы 129 мың 358 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілді.
Анықтама: Қызылорда қаласында – 25 200 дана, Арал ауданында – 7 474, Қазалы – 30 254, Қармақшы – 16 450, Жалағаш – 5 530, Сырдария – 7 700, Шиелі – 33 350 және Жаңақорған ауданында – 3 400 дана.
«Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық бағдарлама аясында облыста жүргізілген шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде ақпараттандырылды.
Экоакция аясында жүргізілген жұмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 700 ақпараттық материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 60 мыңға жуық материал (плакаттар, баннерлер, постерлар, т.б. ақпараттық жарияланымдар) жарық көрді.
Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен өткен жылдан бастап өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Өткен жылы 1 млрд.теңге бөлініп, «Үздік» атанған елді мекендерге күнделікті тұрмысқа қажетті барлығы 29 арнайы техникалар табысталды.
Биыл да аталмыш конкурс өз жалғасын тауып, облыстық бюджеттен 436 млн.теңгеге 19 коммуналды техникалар байқаудың жеңімпаздарына табысталды.