Биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жаңашылдықтар енгізілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте «Жасыл Қызылорда» КММ директоры Мақсат Жүсіп баяндады.
«Өздеріңізге белгілі, қыркүйек айынан бастап көгалдарды жаңа әдіспен егу қолға алынды. Гидросебу – шөп тұқымдарын, тыңайтқыштарды, мульчаны, бояғыштарды сумен араластыру арқылы біріктіру процесі. Араластыру нәтижесінде өңделетін бетке қолданылатын сұйықтық пайда болады. Бұл қоспа тұқымның өсуіне қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда, осы әдіспен Н.Назарбаев даңғылының бойына себілген көгалдар бой алып келеді. Басты ерекшелігі – оның беріктігі, сондай-ақ климаттық жағдайларға өте төзімді болуы,» – дейді Мақсат Жүсіп.
«Қазіргі таңда көше бойларына көпжылдық гүлдер отырғызылуда. Алғашқы легі Сыр ана монументі, Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші маңын және С.Бейбарыс көшесінің бойын қамтуда. Мамандар гүлдерді отырғызу, оларды қопсыту, суару және басқа да қажетті жұмыстарды жүргізуде. Гүлдерді күзде отырғызудың бірнеше артықшылығы бар. Соның бірі – тамыр жүйелері қалыптасып үлгергендіктен, көп суғаруды қажет етпейді. Күзде отырғызылған гүлдер көктемде ерте бүршік атып, тез гүлдейді,» – деп қорытындылады Мақсат Өмірбекұлы.