Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет», – деді Президент.

 Сондай-ақ, Мемлекет басшысы, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын тілге тиек етіп, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен жандарға тиісінше құрмет көрсетілу қажеттігін атап өтті.

Қарапайым еңбек адамының өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттап, үлгі етуді басты ұстанымдарының бірі еткен «Анаға тағзым» ұжымына Президенттің бұл пәрмені – ерекше серпін сыйлағаны сөзсіз. Себебі, орталық ашылғалы бері мұнда шопан, тракторшы, аспаз, сауыншы, хат тасушы, күрішші, тазалықшы, балықшы сынды қоғамның сан түрлі саласында жемісті қызмет етіп жүрген әйел-аналардың ғибратты ғұмыры дәріптеліп, түрлі форматтағы шаралар өткізілуде. «Береке» аспаздық студиясындағы шеберлік сағаттары, «Мирас» әжелер» клубындағы қолөнер дәрістері, «Шамшырақ» фото-бейне студиясындағы мазмұнды сұхбаттар – сөзімізге мысал.

 Рас, бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалап, адал адамды, адал табысты насихаттауымыз қажет. Бұл ретте ел мақтанышы, қоғамның қозғаушы күші қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытындағы байыпты бастамаларымыз жарасымды жалғасын таба бермек.

БӨЛІСУ