Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының базасында кәсіби дағдыларды дамыту бойынша мастер-класс өткізілді.

Шара барысында Департамент басшысы Е.Мендалиев мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік менеджментті жаңғырту үшін жаңа кәсіби дағдыларды дамыту, технологиялық инновациялар мен әлеуметтік өзгерістер заманында мемлекеттік аппаратты жаңа сын-қатерлерге тез бейімдеу және тиімді әрекет ету, осы ретте мемлекеттік қызметшілердің білімін, дағдылары мен икемділігін үздіксіз арттыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Е.Ж.Мендалиев мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың талаптары мен мемлекеттік қызметшілерге мінез-құлық тұрғысынан талап етілетін жалпы стандарттар мен қызметтен тыс уақыттағы және әріптестермен қызметтік қарым-қатынас кезіндегі әдептілік нормалары, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы мен оларды көтермелеу мәселелері, мемлекетттік қызметшілерге қарастырылған қашықтықтан жұмыс пен икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу мүмкіндіктері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалу мәселесіне қатысты консультациялық кеңестер көрсетіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берді.

Бұдан бөлек, шара барысында Филиал директоры А.Мадалиева мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дағдыларын арттыру – олардың топтық жұмыс рухы мен проблемалық ситуацияларды оңтайлы шешу қасиеттерін одан әрі жетілдіру бойынша таптырмас фактор болып табылатындығын және бұл қасиеттерді дамыту жұмыс тиімділігінің өсіуне бірден-бір себеп болатынын атап өтті.

Шара соңында психология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Аяғанова қиындықтарды талдау және практикалық шешімдерді әзірлеу, жаңа жағдайларға тез үйрену және бейімделу, ой-пікірлерді анық және нақты жеткізу, ортақ мақсаттарға жету үшін басқалармен үздіксіз ынтымақтастықта болу және өзге де кәсіби дағдыларды дамыту жолындағы тәжірибелер бойынша мастер-класс өткізді.

БӨЛІСУ