Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен салық базасын ұлғайту бойынша мәжіліс отырысы өтті.
Бюджетті тиімді басқару және сапалы жоспарлау басты міндет екенін жеткізген аудан басшысы, Президент тапсырмасына сәйкес бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажет екенін ескертті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керектігін айтты.
Бұл ретте, аудандық экономика және қаржы бөлімінің хабарламасы тыңдалды. Аудан басшысы кент және ауылдық округ әкімдеріне жеке тұрғын үй қоры мен кәсіпкерлік нысандарын бағалатып, тіркеуден дер кезінде өткізіп, салық түсімін дұрыс жоспарлауды тапсырды. Сондай-ақ мүлік салығының есебі уақытылы жаңартылмағандықтан, 2 апта мерзім ішінде жеке тұлғалардан алынатын мүлік салықтарының есебіне нақтылау жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиевтың хабарламасына сәйкес тиісті тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, 1 ай мерзімде жоспар бойынша 16 кәсіпкерлік субъектісінен түсетін түсімдердің орындалуына жұмыс жасап, жоспарланған салық көлемінің толық төленуін қамтамасыз ету қатаң ескертілді.
Аудандағы 183 шаруашылық құрылымдарына 2024 жылдың 28 тамызына су жеткізіп беру қызметіне 711,2 млн. теңге қаржы есептелген. Бүгінгі күнге 322,1 млн. теңге төленсе, берешектері 389,1 млн. теңге немесе 54,7 пайызды құрап отыр. Осы ретте, шаруашылықтарға су жеткізіп беру қызметіне қарыздарын төлету бойынша жұмыс жасау тапсырылды.
Мәжіліс отырысында айтылған тапсырмалар мен маңызды міндеттердің уақытылы орындалып, бақылауда болуы сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.