Отбасы күніне орай «Отбасы – ұлттың тірегі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Шараға ауданға белгілі, үлгілі отбасылар, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының әржылдардағы жеңімпаздары, жас отбасылар қатысты.
Айтулы күн отбасы құндылықтарын насихаттауда маңызы зор екенін атап өткен аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов шараға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Қазіргі таңда ауданымызда 1382 көпбалалы отбасы есепте тұрады. Көпбалалы ана, наградталғандар саны – 1018. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденінің иегері, Кеңестер одағының «Батыр ана» атағына ие болған аналар саны 40, 307 «Алтын алқа» және 641 «Күміс алқа» иегері бар.
Осы орайда, аудан көлемінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатқан «Жалағаш ауданының аналар кеңесі» мен «Жалағаш ауданының әйелдер кеңесін» ерекше атап өтуіміз керек.
Шара барысында «Мерейлі отбасы» аудандық байқауының І орын иегері зейнеткер Әбілқайыр Ералиев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев, ардагер Байна Наршаев сөз алып, кейінгі буын өкілдеріне өмір жолдарынан сыр шертіп, басқосудың маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы бойынша Мақпалкөл ауылдық округінен Бектаевтар отбасы бас жүлде иеленіп, аталған отбасыға 500,0 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Аталған отбасы байқаудың республикалық кезеңінен де үздік деп танылып, лауреат атанып отыр.